Қазақстан • 02 Тамыз, 2017

Ортақ руханиятымыз ортаймасын

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Соңғы кездері Қазақ елінің латын әліпбиіне көшу мәселесі неге жым-жырт болып кетті? Ал көрші өзбек ағайындар болса бұл мәселені шешіп алды. Әйтеуір соңында біз жүреміз», деген ой мазаны алып, көңіліміздің күпті болып келгенін несіне жасырайық. 

Ортақ руханиятымыз ортаймасын

Сонау екі мың шақырым алыста, Моңғолияның Бай-Өлке жерін мекендеп отырсақ та ең алдымен елең етіп Қазақ елінен жеткен хабарларға құлақ түріп отырамыз. Сол үрдіспен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы баспасөзде жарияланғанын телехабардан ести сала ғаламторға үңілдік. Қаймана қазақ баласы үшін қажетті деп көрілген құнды пікірлер қамтылған бұл мақаладағы ең өзекті мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу жайы екен.
Менің әжем Бәренбай Майлыханқызы бала кезімізде латын қарпімен хат жазып отырушы еді. «Бұл латын әрпі. Бұрын біздер осы жазу түрін пайдаланғанбыз, кейін орыстың кирилл дегеніне көштік» – деп түсіндіретін. 1941 жылы Баян-Өлгей аймақтық «Өркендеу» газетінің тұңғыш саны да латын қарпімен жарық көрген. Бұдан шығатын қорытынды – Моңғолия қазақтары Қазақ еліндегі қандастарымен бірге латыншаға, сосын кириллге көшті. Және өте дұрыс істеді. Ағайыннан ажырап қалмау үшін, ортақ руханияттан адаспау үшін бұл өте үлкен маңызға ие болды. Енді мінеки, ХХІ ғасырда да шетел қазақтары бұл үрдістен жаңылмай жаңа әліпбиге Атажұрттағы ағайынмен бірге көшеді деп ойлаймын. Ал бұған Қазақ елінің жан-жақты көмегі қажет. Үкімет жаңа әліпбиге көшу мәселесіне  арналған жоспар, жоба жасағанда шетелдегі қазақ қауымын қайткен күнде де қамтуы қажет.

Ербақыт НҮСІПҰЛЫ, 
«Жаңа дәуір» газетінің редакторы, 
жазушы (Моңғолия)